Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Дүйсенбі, 16 Мамыр 2016 14:50

Ливиядағы бітім үкіметінің алдындағы басты бағдарлар мен түйткілдер

Ливиядағы бітім үкіметінің алдындағы басты бағдарлар мен түйткілдер
Бұл бағдарламада Ливиядағы Каддафи үкіметі құлатылғаннан кейінгі ұлттық келіссөздер мен сұхбаттардың маңызына сілтеме жасалумен қатар ұлттық бітім үкіметінің алдындағы басты бағдарлар мен түйткілдер қарастырылады.

Ливиялық топтар бір жарым жыл бұрын, яғни 2015 жылдың желтоқсан айының 17-і күні сол елдегі қос егемендік статусы мен орталық үкіметтің болмауы үдерісін аяқтады. Ливиялық көптеген топтардың арасында, соның ішінде үкімет пен Триполи және Тобрук парламенті арасында БҰҰ-ның бақылауымен Марокконың Зхират қаласында келісімге қол қойылды.

Келісімге сәйкес, тоғыз мүшемен басқарма кеңесі құрылып, осы кеңес тарапынан Фаиз Сарадж Ливияның ұлттық бітім үкіметінің премьер-министрі болып сайланды.

Муаммар Каддафидің биліктен құлатылуымен бұл елдің жаңа үкіметінің қайраткерлері ұлттық келіссөздер құралын үш рет пайдаланды: бірінші рет Каддафидің өлімінен кейін бір жыл төрт айдан кейін Ливияның ұлттық Конгресі 2013 жылдың ақпан айында ұлттық бітім орнату мақсатында ұлттық сұхбат комитетін құрды.

Бұл комитеттің сәтсіздікке ұшырауымен Ливияның ұлттық Конгресі 2014 жылдың қаңтар айында ұлттық сұхбаттардың бастапқы комиссиясын құрғанымен, бұл комиссия да партияларды сұхбаттардың ұлттық бітім және демократияға көшу құралы ретіндегі қажеттілік екендігіне сендіруде табысқа жетпеді. Ұлттық сұхбат комитеті мен комиссиясының нәтижеге жетпеуінің белгісі мынада: Ливия 2014 жылдың тамыз айынан бастап, саяси және қауіпсіздік тұрғысынан тоқырау мен тұрақсыздық кезеңіне енді. Оның маңызды көрсеткіші орталық үкіметтің жойылып, екі үкімет пен парламенттің құрылуы, сонымен қатар ДАИШ-тың Ливияға еніп, осы топтың Ливиядағы құзырының кеңеюінде.

Ливияның әртүрлі аймақтарында бірнеше үкіметтің құрылуы түрлі дағдарыстардың қалыптасуына, соның ішінде ДАИШ лаңкестерінің елдеріне енуіне және олардың аумақтарының кеңеюі мен мүшелерінің сол елде артуына себеп болды. Ливиядағы жағдай бұл елге қауіпсіздік және аумақтық тұрғыдан қоқан-лоққылардың төнуімен қатар, дағдарыстың пайда болуына, сондай-ақ оның еуропалық елдердің қауіпсіздігіне де әсер етуіне себеп болды.

Осы фактор БҰҰ-ның Ливиядағы саяси алауыздықтар мен екі статусты егемендікті доғаруға шынайы түрде кірісуіне себеп болды. Сол себепті Каддафиден кейінгі Ливиядағы ұлттық сұхбат құруға деген үшінші талпыныс БҰҰ тарапынаан жүзеге асырылды. БҰҰ Ливия дағдарысына қатысты парламенттік сұхбат бастамасын ұсынды. Бұл сұхбаттағы мақсат Ливия парламенті мен ұлттық Конгресс мүшелері арасында келісімге қол жеткізу болды. Бірінші рет БҰҰ-ның қолдауымен парламенттік сұхбат 2014 жылдың қазан айында Триполидің оңтүстік-батысындағы Гадамес қаласында өткізілді. Швейцарияның Женева қаласы да Ливияның парламенттік сұхбаттары өткізілген келесі қала болды. Бірақ Марокконың Зхират қаласында 2015 жылдың наурыз айында басталған келіссөздерге ливиялық барлық топтар қатысты. Нәтижесінде келісімгер тараптар тоғыз айдан соң 2015 жылдың желтоқсан айында ұлттық келісім үкіметін құруға келісті. Ливияның парламенттік сұхбаттар бастамасында БҰҰ-ның екі өкілі топтарды жақындастыруда маңызды рөл атқарды. Ливия істері бойынша БҰҰ-ның екі өкілі, атап айтқанда Бернард Лион 2014 жылдың тамыз айынан 2015 жылдың қараша айына дейін, ал Мартин Коблер 2015 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейін жоғарыда аталлған міндетті атқарды. Ұлттық бітім үкіметі Фаиз Сарадждың басшылығымен 4 маңызды істі жүзеге асыруы тиіс, соның ішінде үкіметті Триполиге әкеліп, оны біртұтас ету; гуманитарлық дағдарысты қолға алу; босқындарға көмектесіп, ДАИШ лаңкестерімен соғысу. Осы басты бағдарлардың әрқайсысы ерекше түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Бұлар Фаиз Сарадждың үкіметін аталмыш басты бағдарларды орындау жолында қиындықтарға тіреуде. Ұлттық бітім үкіметінің алғашқы басты бағдары мен әрекеті үкіметті Тобруктен Ливияның астанасы Триполиге көшіріп, ұлттық біртұтас үкімет құру болып табылады. Шын мәнінде біртұтас үкімет құру ұлттық бітім үкіметі жұмысының жалғасуы мен нәтижелі болуының негізгі және қажетті шарты. Себебі Ливиядағы ұлттық бірлік көпжақты үкіметтер мен жергілікті және тайпалық ұсақ үкіметтердің құрылуымен жоғалған болатын. Ұлттық бітім үкіметі ұлттық бірлікті қалпына келтіруі керек болды. Желтоқсан айындағы келісімнен шамамен бес айдың өткеніне қарамастан, Фаиз Сарадж осы уақытқа дейін ливиялық біртұтас үкімет құра алмай, үкіметті елдің астанасы Триполиге көшіруде қауқарсыздық танытып отыр. Маңызды себептердің бірі, ол ливиялық топтардың барлығы, соның ішінде екі парламенттің мүшелерінің көбісі Зхират келісімін қабылдамай, ұлттық бітім үкіметімен қарсыласуында. Халифе әл-Ғавилдің басшылығымен Триполиде параллельді үкімет құрылды. Бұл тайталастың шегіне жетуімен ұлттық бірлік үкіметі басшылығының кеңесі 2016 жылдың наурыз айының соңында Халифе әл-Ғавил басшылығындағы параллельді үкіметтің кедергі жасауына байланысты құрлық жол арқылы Триполиге ене алмаған соң, қалаға теңіз арқылы кемемен кірді. Ұлттық бітім үкіметі Триполидегі барлық министрліктердің кеңселерін өз ықтиярларына ала алмады. Осы қиындықтарға қарамастан, ұлттық бітім үкіметі БҰҰ мен батыс үкіметтерінің қолдауымен Триполиде толығымен орналасуы мүмкін.

Гуманитарлық дағдарысты қадағалау Ливияның ұлттық бітім үкіметінің маңызды келесі басты бағдары саналады. Фаиз Сарадждың үкіметі жалғыз өзі оны жүзеге асыра алмайды. Бұл әлемдік көмекті қажет етеді. Ливия 2014 жылдың маусым айынан бері бетпе-бет келіп отырған бейберекеттіктер мен қатігездіктердің салдарынан сол елдің әртүрлі аймақтары халықтарының шамамен 3 миллионы, яғни Ливия халқының жартысы осы жағдайдан мехнат шегіп отыр.

Шамаммен 1,9 миллион адам, соның ішінде 430 мың бала шынайы дәрігерлік-санитарлық қызметтерді қажет етеді. Ливиялық медбикелердің 80 пайыздан астамы қатігездіктердің қайталануы салдарынан 2015 жылдың соңына дейін бұл елден кетіп қалған. Осы уақыт ішінде ливиялық ауруханалар мен клиникалардың 20 пайызы жабылған.

Ливияның ұлттық бітім үкіметінің келесі маңызды басты бағдары ливиялық босқындардың ісін қарастыру болып отыр. БҰҰ-ның статистикасына сәйкес, 2014 жылдың тамыз айынан 2015 жылдың соңына дейін шамамен 435 мың адам, соның ішінде 174 мың бала Ливияның ішінде босқынға айналған.

Ливияда үшінші үкімет құрып алған ДАИШ лаңкестерімен күрес – Фаиз Сарадж басшылығындағы ұлттық бітім үкіметінің келесі басты бағдары. ДАИШ 2014 жылдың қазан айында Дерна қаласында өзінің құзырын жариялады. Бірақ жергілікті әскери жасақтар тарапынан рақымсыз үкімет тәсіліне байланысты Дерна қаласынан қуылды. Бұл лаңкестік ұйым 2015 жылдың мамыр айында Муаммар Каддафидің туған жері Сирт қаласында өздерінің құзырларын қайта жариялап, Муаммар Каддафи жақтастарының қолдауына ие болды. Ливия Сирия мен Ирактан қашқан ДАИШ қолбасшылары қатынайтын өткелге айналды. Судан мен Мысырдан, Алжир мен Тунистен шыққан содырлар Ливиядағы ДАИШ лаңкестеріне қосылды. Нәтижесінде аталмыш лаңкестік топ мүшелерінің Ливиядағы саны қырық мыңнан астам адамға артты. Осы лаңкестік ұйым – Ливиядағы қауіпсіздік саласындағы дағдарыстардың қалыптасуындағы ең маңызды факторлардың бірі. Олар 2016 жылдың қаңтар айында Ливияның сотүстік-батысындағы Злитен полициясының оқыту лагерінде Каддафиден кейін Ливиядағы ең қанқұйлы оқиғаны жасады. Соның салдарынан 70 адам ажал құшты.

Ливияның ұлттық бітім үкіметі ДАИШ лаңкестерімен күресу үшін жүйелі де кәсіби әскерді қажет етеді. Бірақ Ливия кәсіби әскерге ие емес. Муаммар Каддафидің кезеңінде де бұл елдің бейтарап, ұйымдасқан, кәсіби әскері болған жоқ. Каддафи үкіметі құлаған соң да Ливияда ұлттық әскер құрылған жоқ. Керісінше, бұл елдің әртүрлі аймақтарында параллельді қауіпсіздік ұйымдары мен ұлттық мүдденің орнына өздерінің тайпалық, жергілікті мүдделерін артық санаған жергілікті әскерлер пайда болды. Сондықтан 2014 жылы Халифа Хафтар Ливияда Мысырдың үлгісін қалыптастырып, сол елде әскери үкімет құру үшін талпыныс жасаған кезде сәтсіздікке ұшырады. Ливиядағы әскерилер қауіпсіздікті қалпына келтіріп, ұлттық билік ұйымдарына қолдау көрсету үшін жеткілікті әлеуетке ие емес.

Ливияның ұлттық бірлік үкіметі ДАИШ лаңкестерімен күресуде батыс елдерінің қолдауына да ие. Себебі Ливиядағы жағдай Еуропа үшін екі себепке байланысты маңызды: біріншіден, ДАИШ лаңкестерінің Ливиядағы ықпалы мен құзырының кеңеюіне, екіншіден, Ливияның босқындардың Еуропаға қатынайтын ең маңызды жолдардың бірі болуына байланысты.

Осылайша, егер батыс елдерінің Ливияның ұлттық үкіметін ДАИШ лаңкестерімен күресте қолдауы НАТО-ның 2011 жылы Ливияға араласушылығына ұқсас болса, Ливиядағы қауіпсіздік жағдай шиеленісе түседі. Өйткені, Ливиядағы бүгінгі көпжақты дағдарыстардың туындауының себептерінің бірі НАТО-ның сол елге 2011 жылғы араласушылығына байланысты.

Ливияның ұлттық бітім үкіметі аталған қиындықтармен қатар банкротқа ұшыраған экономикамен де бетпе-бет келіп отыр. Бұл өз кезегінде төртжақты басты бағдарды жүзеге асырудағы жетістікке немесе сәтсіздікке әсер етеді.

Ливияның экономикасы мұнай мен газ табыстарына қатты тәуелді. Мұнай-газ табыстары ішкі жалпы өндірістің 80 пайызын, экспорттық табыстың 90 пайызын, үкіметтік табыстардың 99 пайызын құрайды. Бұл Ливияның мұнай өндірісі Муаммар Каддафи заманындағы күніне 1,4 миллион баррельден 400 мыңнан төмен баррельге азайған жағдайдағы бейне. Ливияның мұнай қорларының бөлімдері де қарулы топтар мен ДАИШ лаңкестерінің қолына түсті. Ливияның ұлттық бітім үкіметі аталған төртжақты басты бағдарларды орындаумен қатар жоғары экономикалық ресурстарды да қажет етеді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамтып, қиратылып, жойылған, әрі осы үкіметтің ұлттық қолдауға ие болуы үшін үлкен әсері бар инфрақұрылымдарды қайта салып, қалпына келтіруі керектігімен қатар экономикалық қорларды қажет етеді.

Африканың даму банкінің мәліметтеріне сәйкес, 2014 жылы ливиялық жастардың жұмыссыздығы 50 пайыздан астамға артқан. Әлемдік банктің 2016 жылғы статистикасына сәйкес, ливиялық инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтірудің қаржысы он жыл ішінде 200 миллиард долларды құрайды.

Шындық мынадай: Ливия революциясының тәсілі қазіргі бейберекеттік жағдайдың пайда болуындағы ең маңызды факторлардың бірі. Ливия революциясы жетекшісіз жүзеге асырылды. Олардың революциясы тек бір ғана мақсатты, яғни, Муаммар Каддафиді биліктен құлатуды көздеді. Ливиялық революцияшылар тек Муаммар Каддафиді құлатқан соң ғана сол елде үкіметтің қай түрін орнату керек деген ойға түсті. Бұл бір мезгілде қарусыздандыру, босқындарды қайтадан елде қоныстандыру және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келген жағдайда орын алды. Ливияның Ирак сынды елмен салыстырғанда мазхабтық құрылым тұрғысынан мәселесі жоқ. Себебі ол елдің халқының көпшілігін малеки сүннитері құрайды. Бірақ тайпалық болмыс пен 140-тан астам тайпа және ДАИШ лаңкестері мен Муаммар Каддафидің жақтастары, сондай-ақ наразы кейбір тайпалардың одақтасуы Ливиядағы мәселелердің күшейе түсуіне себеп болды. Фаиз Сарадж басшылық ететін ұлттық бітім үкіметінің алдында маңызды түйткілдер тұр. Бірақ оның құрылуы елдің ішіндегі жіктелуге кедергі жасап, Ливиядағы көпжақты дағдарыстарды тоқтату бағытындағы алға басылған қадам саналады.

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды