Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Дүйсенбі, 22 Сәуір 2013 20:42

Иран мәдениеті және сәулет өнері (78)

 Иран мәдениеті және сәулет өнері (78)

Иран өнері мен сәулетінің тарихы Сефеви әулеті билігінің басына дейін шамамен біртұтас үдеріс болған және Иранның ішкі өзгерістері мен шетелдік ықпалдарынан туындаған өзгерістерінің болғандығына қарамастан, өзінің біртұтас болмыс-бітімін сақтап қалған.

Сефеви дәуірінде (16 ғасыр мен 18 ғасырдың ортасында) ирандық өнерпаздардың Еуропа өнер туындыларымен танысуына мүмкіндік туды. Олар еуропалықтардың туындылары, әсіресе сурет салу өнерінен әсер алды. Еуропалықтардың Иранға сапары және кейбір Еуропа өнер туындыларының Иранға келуінің нәтижесінде халық пен өнерпаздар Еуропа өнерімен көбірек танысты. Исфаханның "Чехелсутун" сарайында бар картиналар мен суреттер өзгеріс тудырған ықпалды көрсететін ең маңызды үлгілер болып саналады. Сәулет өнері көптеген материалдық, қоршаған орта және мәдени факторларға қатысы бар өнер түрі ретінде осы дәуірде аса өзгере қойған жоқ. Кейбір безендірулер мен алебастр және сырлы кірпіш жапсыру сияқты архитектураға қатысты өнер түрлерінде өзгерістің тууына жағдай жасалды. Бірақ архитектуралық кеңістіктердің жалпы құрамы әлі де Иран сәулет өнерінің ежелгі дәстүрі мен мәдениетінің жалғасы болды. Қаджар дәуірінде (19 ғасырда) Иран сәулет өнеріне өзгерістің енуіне жағдай жасалды. Батыстың доға пішіндегі, баспалдақ түріндегі кейбір безендіру түрлеріне, бағандардың бастары және тіпті кейбір ғимараттардың жобасына еліктеу Иран сәулетшілерінің күн тәртібіне қойылды. Теһрандағы "Дәфтәрхана", "Текие-е доулат", "Фируза" сарайы, "Шамс ол-Эмаре" сияқты ғимараттар Еуропа сәулет өнерінен ықпал алған ескерткіштердің қатарына жатады. Еуропада модернизм дәуірі басталғаннан кейін де осындай үдеріс жалғасын тапты. Еуропада білім алған ирандық сәулетшілердің кейбіреулері модернистік сәулет өнерінен үлгі алып, Иранда өнер туындыларын жасады. 20 ғасырдың басынан біртіндеп қайта жандандыру және синтез жасау тақырыбы, оның дәстүрлі өнермен байланысы сәулет өнерінде қарастырылып, ирандық сәулетшілер арасында әралуан тенденциялар пайда болды. Сәулетшілердің бір тобы Иран сәулет өнерінің дәстүрі мен болмыс-бітіміне аса көңіл бөлмей, батыстық сәулет өнерін ұстануға кірісті. Керісінше тағы бір топ ғимаратты жобалау мен салуда дәстүрлі сәулет өнерінің принциптері мен ережелерін, тіпті кейбір жағдайда тәсілдеріне берік болуды қолдады. Бірақ үшінші топты Иран сәулет өнерінің кейбір принциптері немесе пішіндерін жаңа заман архитектурасында қолданып, дәстүр мен жаңа сәулет арасында байланыс орнатуға, басқаша айтқанда, жаңа заман сәулет өнеріне Иранның дәстүрлі болмыс-бітімін беруге тырысқандар құрады. Бүгінгі бағдарламаның жалғасында жаңа заман дәуірінде дәртүрлі стильді ұстанушы сәулетшілердің көрнекті үлгісі болған және өзінен кейін құнды ескерткіштер қалдырған ирандық сәулетшілердің бірімен таныстырамыз. Хұсейн Лорзаде х.ш.ж..б. 1285 жылы (1907 жылы) Теһранда дүниеге келген. Оның әкесі атақты сәулетшілердің бірі болған. Одан қалған ескерткіштер ретінде Шахид Мұттахари медресесінің бір бөлігін жобалауы мен салуын және "Амир Баходар" хұсейниесіндегі айна сынықтарымен безендірілген хауызхананы атауға болады. Ол ұлы Хұсейнді жеті жасынан өз заманының ғылымын үйрену үшін медресеге береді. Осы өнерпаздың дарыны сол кезден-ақ көріне бастады. Ол әкесінің алдында сәулет өнерін үйренуге кірісті. Хұсейн орта мектепті бітіргеннен кейін мүсіншілікті үйрену үшін Камал ол-Молк медресесіне барды. Лорзаденің өзі: "Менің өнерге деген қызығушылығым мені Камал ол-Молк медресесінің мүсіншілер бөліміне алып келді. Әкемді Камал ол-Молк медресесіне барып, оқуыма көндірдім. Қатты толқыдым. Ештеңе мені қанағаттандырмайтындай көрінді. Саусақтарым балшық пен топырақ сияқты заттарды мыжғылап, соларға пішін бергісі келгендей. Бірақ не жасарын білмеді. Мүмкін бір мүсін, болмаса, басқа бір нәрсе. Тек өне бойымда бір толғаныстың барын сезіндім", -дейді. Лорзаде сәулет өнерін оқып, осы салада цех ашқаннан кейін, ғимараттарды жобалап, соларды салуға кірісті. Олардың кейбіреулері Иран сәулет өнерінің бірегей туындыларының қатарына енді. Имам Хомейни алаңында орналасқан Иранның бір ескі банкінің ғимаратының кіреберіс маңдайшасын жобалап салу және "Дар ол-Фонун" медресесінің кіреберіс маңдайшасының жобасы оның архитектура саласында алғаш жұмыс істей бастағандағы еңбектерінің бірі болды. Лорзаде содан соң Теһрандағы "Халықтық кеңес Мәжілісі" ғимаратын жөндеуден өткізуге ерекше күш салып, оған бұрынғыдан да әдемірек келбет сыйлады. Бірақ оның сәулет саласындағы жұмысының ең көрнекті үлгілерінің бірі – Тус қаласында Иранның ұлы шайыры Фердоусидің кесенесін жобалап жасауы болар. Бұл ғимарат басында франциялық сәулетші Андре Годардың жобасымен кіреберіс баспалдақтарға дейін салынды. Бірақ Лорзаденің қисынды түсіндірмесінен кейін алғашқы жобаны орындау тоқтатылды. Ол Годар жобасының ақыр-соңында мысырлық пирамидаға ұқсап қалатындығын және мұның ирандық шайырға лайықты емес екендігін айтқан болатын. Сөйтіп, Фердоуси кесенесін салуды жалғастыру ұстаз Лорзадеге тапсырылды. Ол х.ш.ж.с.б. 1311 жылы (1932 жылы) Иранның ұлы ақыны Фердоусидің кесенесін салу үшін Тус қаласына барды. Тус хәкімінің кесенесіне өлеңдер ойып жазу үшін каллиграфия мен ойып жазу өнерін үйренді. Фердоуси кесенесі Лорзаде 30 жасқа толғанда аяқталды. Фердоуси кесене-бағы Тус қаласында Иранның солтүстік-шығыс жағындағы Машһад қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл ғимараттың жобасы Хақамани патшасы Куруштың кесенесіне ұқсас болса да, Лорзаде оны салуда исламдық элементтерді де қолдана алды. Ғимараттың ауданы 945 метр. Ең жақсы қашаушылар қабырғаларға "Шахнама" дастандарының көріністерін қашап салды. Ғимараттың сыртқы келбеті, әсіресе бағандар мен олардың басында Хақамани заманындағы безендіру элементтері қолданылған. Ғимараттың төрт жағына Фердоусидің өзінің өлеңдері жазылған. Ол хәкімнің биік тұлғасын көрсетеді. Кесене қабырғасы, кіреберіс баспалдақтар мен жер асты бөлімінен Фердоусидің өлеңдері мен кесененің салыну тарихын көруге болады. Тус мұражайы осы кесенеге жақын орналасқан. Бүгінде Хорасан облысы мен Машһад қаласының Имам Реза (ғ.) кесенесінен кейінгі негізгі көрнекті белгісі – Иран әдебиетінің атақты шайыры, хакім Фердоусидің туған және қайтыс болған жері Тус қаласы. Осы қаланы жылына мыңдаған турист көріп қайтады. Фердоуси кесенесін салып болғаннан кейін Лорзаде Теһрандағы "Мәрмәр" сарайының күмбезін жобалап, салуға, сондай-ақ, "Имам Хұсейн" кесенесінің бір бөлігін жобалап, қайта жөндеуге кірісті. Ол осы хазіреттің кесенесін салу құрметіне ие болды. Ұстаз Лорзаде 842 мешіт жобалап, салу жұмыстарын өз мақтаныштарының қатарына жатқызады. Ол кісі қажырлы еңбекке толы 98 жыл жасап, х.ш.ж.с.б. 1383 жылы шахривар айында (2004) жылы қайтыс болды. Осы атақты өнер иесі көптеген еңбектер жазған. Соның ішінде "Ұмытылған өнерлерді қайта жандандыру" атты кітап пен "Нағмейе Лорзаде" (Лорзаде сарыны) жыр жинағын және ғимараттарда қолданылатын түйіндер мен мұқарнас-архитектуралық сталактиттердің жобалары мен суреттерін қамтитын кітапты атауға болады. Лорзаденің шәкірттерінің айтуы бойынша, ұстаздың туындылары (ғимараттар) адам жанымен астасып жатыр және көңілге қонымды. Осы туындылар халықты алдаусыз-ақ олармен шынайы байланыс орната алады. Ұстаз Лорзаде Иран сәулет өнерінің барлық дерлік элементтерін жетік меңгерген еді. Ол салған мешіттерде нақыштардың нәзіктігі мен нақтылығы, бояулардың қанықтығы, жарықтандыру және сәуле көлемін өлшеу, нақыштарды қыбылаға қарай салу айқын байқалады. "Касесази" немесе "шамсе" деп аталатын шеңбер ішіне сурет салу өнерін ұстаз Лорзаде шарықтау шегіне жеткізді. Тіпті шеңбер ішіндегі суреттерді (шамсе жобасын) ұстаз Лорзаденің өз туындыларындағы қолтаңбасы деп атауға болады. Осындай шеберлік үлгілері ұстаз салған Теһранның атақты мешіттерінде әлі күнге дейін сақталып қалған. Кейбір зерттеушілер Лорзадені таза дәстүрлі сәулетші деп санап, оның тек мешіттері ғана танымал болды деп есептейді. Бірақ ол басқа ғимараттарды салуда да Иранның төл сәулетшісі екендігін көрсетті. Иран сәулет өнерінің тамыры тереңге бойлап, мәңгілікке сақталып қалмақ. Лорзаде өзіне дейінгі сәулетшілердің біліміне сүйеніп жаңа заман сәулеті әлеміне жол тартып, өзіндік, дәстүрлі әрі мәңгілік туындылар қалдырған сәулетшілердің қатарына жатады. 

 

 

 

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды