Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Жұма, 18 Қыркүйек 2015 15:18

Балалар мен жаөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан (26-соңы)

Балалар мен жаөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан (26-соңы)

Кейбір өнерпаздардың пікірі бойынша, музыка табиғаттағы дыбыстардан бастау алған. Бірақ кейінгі уақытта формасы мен мазмұны өзгеріп, адамзаттың түрлі мақсаттарын баяндау үшін қолданыла бастаған табиғи өнер түрі болып табылады. Қазіргі заманда музыка күрделеніп кеткен. Көптеген мамандар оны адам сезімдерінің тілі деп атап, музыка тек адамның ой-пікірі мен психикасына әсер етіп қана қоймай, адамның бүкіл болмысына ықпалын тигізетінін айтады. Тіпті музыканың көмегімен адамды дұрыс немесе бұрыс істерге итермелеуге болады.

Музыка адамдардың сезімдеріне әсер етіп, адамды ойға батырып, оның бойында қуаныш немесе қайғы тудыра алады. Музыканы тыңдаудан туындайтын сезімдердің алуан түрлі болатыны белгілі. Сол себепті музыка тыңдау жасөспірімнің бойында түрлі әсер тудырады. Музыканың бірқатар түрі жағымды болады. Мысалы, батырлық тақырыптағы әндер адамның жүрегінде ерлік сезімін тудыруы мүмкін. Әндердің бұл түрі жағымды әрі  сындарлы жолдауға ие болып, жасөспірімдердің бойында батылдық сезімін тудыру арқылы олардың ұлттық және діни сезімдерінің нығаюына себеп бола алады. Кейде әндердің бір түрін тыңдау адамның бойында ойшылдар және мәдениет пен ғылымның ұлы тұлғаларына деген қызығушылықты оятып, оның әділетсүйгіштік сезімін арттыруы мүмкін. Тіпті осындай ән тыңдау адамның зұлымдармен күресіп, жәбірленгендерді қорғауына түрткі бола алады. Музыканың бұл түрін тыңдауға рұқсат етілумен қатар, оны орындауға да кеңес етілген.

Алайда музыканың тағы бір түрі көңіл көтеруге арналған. Бұл музыка адамды азғындық пен есерлікке итермелеп, адамның ахлағы мен тазалығына және отбасы мен қоғамға нұқсан келтіреді. Адасушылық үшін жағдай жасап, қылмыскерлік пен жемқорлықты тарататын музыканың осы түрі Ислам үлемдерінің көзқарасы бойынша рұқсат етілмеген әрі жағымсыз музыка болып табылады. Ислам Революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің пікірі бойынша, музыканың харам және халал деген екі түрлі қолданысы болады. Ол былай дейді: «Көңіл көтеруге арналған музыканы тыңдау – пайдасыз іс-әрекет. Ислам оған тыйым салады. Халал музыканы харамнан айыру тыңдарманның өзіне және муызканың оған қалай әсер ететініне байланысты болады».

Музыка жасөспірімге психикалық және физиологиялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Айта кетер жайт, музыканы тыңдау оның түріне байланысты дененің зат алмасу үдерісіне әсер ете алады. Ырғақты әрі ынталандырушы сөздері бар ән денеге у тәрізді әсер етіп, жасөспірімнің рухы мен денесінде түрлі жағымсыз реакциялар тудыра алады. Зерттеушілер музыканың өсімдіктің өсуіне әсері туралы жасаған зерттеулерінде рок, рэп сияқты даңғаза әндердің өсімдіктердің өсу үдерісіне жағымсыз әсер етіп, тіпті өсу үдерісінің тоқтап қалуына себеп болатынын байқаған. Осындай ырғақты батыс әндерінің жасөспірімнің рухы мен денесіне қалай әсер ететініне тоқталайық.

Батыстың рок, рэп сияқты даңғаза музыка түрлері – АҚШ-ның 1960-70 онжылдықтардағы саяси-қоғамдық ерекше жағдайдың өнімі. Осындай ән мен әуендердің жарық көруінің себебі АҚШ-ның түрлі университтерінің студенттерінің Құрама штаттардың үкіметтік қайраткерлерінің Вьетнамдағы соғысына наразылық, сондай-ақ, есерлік, ашық түрде есірткі пайдалану, өлтіру және азаптау сияқты жаман әдеттерді орындау үшін қауіпсіз кеңістік құруды талап ету болды. 1970-ші онжылдықтың соңындағы қорқынышты ағымдардың рок сияқты батыстың даңғаза музыкасына тигізген әсеріне көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Музыканың осы түрін орындаушылар еш ұялмастан құсу, түкіру, төбелесу мен ұрсысу және сахна үстінде  шешіну сияқты жағымсыз іс-әрекеттерді жасап, бұл әрекеттерді өздерінің сахналық қойылымдарының бір бөлігіне айналдырды. Олардың музыкасының дауысы қатты шығып, құлаққа жағымсыз тиетін болды. Өлеңдерінің сөздері әдепсіз әрі қорлаушы болып келеді. Киім киістері оғаш, ауыр макияж бен бейбастақтыққа шақыру осы топтардың ерекшеліктерінің қатарына жатады.

Батыстың «андеграунд» (жерасты) ағымындағы әндерінің сөздері қорлаушы сипатта  әрі әдепсіз болып келіп, жүйкелер мен жыныстық гормондарды қатты қоздырады.

Психологтардың пікірі бойынша, батыстың осындай даңғаза музыкасы еріксіз түрде жасөспірімге әсер етіп, оның ақыл-есінің әлсіреуіне себеп болу арқылы жасөспірімнің іс-әрекетін өзіне бағындырып алатындай етіп жобаланған.

Жасөспірімнің физикалық, психикалық және қоғамдық тыныштығы  бұзылған сәттен бастап ол зақымдарды қабылдай бастайды. Себебі адамның құлағы мен есту қабілеті оның тыныштығы бұзылған сәтте адамға шынайы зақым тиетін сезімдердің бірі саналады. Сонымен қатар психологтар адам еститін дыбыстардың оған не тыныштық сыйлайтынын, не зақым тигізетінін айтады. Егер осы арада жасөспірім жүйке жүйесін жақсылап танып, оның өнімділігінің қыр-сырын білген жағдайда міндетті түрде зақымдарға азырақ душар болады.

Рэп және тағы басқа батыс музыкасының жылдам әрі қорқынышты ырғағының адамның, әсіресе жасөспірімнің жүйкесіне тікелей әсер ететінін айттық. Батыстың даңғаза музыкасының әсерінен жүйке жүйесінің бұзылу үдерісі жылдам жүретіні белгілі. Мамандар көптеген  жол апаттарында оқиғаның себебін жасөспірмдер мен жастардың даңғаза әндерді тыңдауы деп атайды.

Ирандық психолог доктор Хосейн Сирани даңғаза музыканы тыңдаудың салдары жайлы былай дейді: «Адамның құлағы табиғи түрде табиғаттың дыбыстарын естіген кезде тыныштық табады, ал ауыр, рэп жанрларындағы «андеграунд» ағымының әндері тудыратын табиғи емес дыбыстарды естудің салдарынан есту мүшесінің дыбысты тану  сезімі табиғи қалыптан тыс күйге еніп, күшейе түседі. Сол себепті адам даңғаза музыканы тыңдаған кезде толқыған әрі шаттық күйге енеді. Бұл шектен тыс шаттық  тек қысқа уақытқа ғана созылады. Осы жағдай қайталанғанда жүйке жасушалары көп мөлшердегі ақпаратты үлкен жылдамдықпен қабылдап-жөнелтуден шаршайды. Сол кезде адамның бойында еріксіз түрде ашу-ыза мен агрессия пайда болады. Басқаша айтқанда, адам ашу-ызаға булыға бастайды. Ол бұл жағдайдан шаршап, ендігәрі шаттық пен толқу сезімдеріне бөленбейді. Уақыт өте келе сабақ оқу және күнделікті істерді орындау ол үшін қиынға соғады. Адамды көңілсіздік билеп, істерге зейінді шоғырландыру  қиынға соғып, ойдың «шарықтауына» тап болады». Оған қоса, есірткі заттар мен психотропты дәрілерді қолданудан пайда болатын шаттық та музыканың осы түрін тыңдаудың нәтижесі болып табылады.

Кейбір музыкалар, әсіресе ырғақты әуендер жасөспірімдердің бойында қатты қобалжу сезімдерін тудырып, олардың ақыл-естерінің нашарлауына себеп болады. Музыканың осы жанры жасөспірімнің ойлау және шешім қабылдау күшін әлсіретеді. Сол себепті көптеген мамандар адамды ойын-сауыққа қарай итермелейтін көңіл көтеруге арналған осындай музыка жағымсыз болып табылады деп санайды. Батыстық музыкант Теодор Адорноның пікірі бойынша, жаңа музыка түрлері адамдардың мінез-құлқына әсер етіп, оларды балалық және сылбыр қылықтарға итермелеп, ой-сана әлемінен алыстатады.  

Мұсылмандардың ұлы факиһтарының бірі шейх Ансари да бұл жайлы былай дейді: «Музыканың кейбір түрлері ақыл-есті әлсіретіп, адамның хайуандық түйсіктерін қоздыратыны соншалықты, тіпті адам жағымсыз іс-әрекеттерге де баруы мүмкін. Мұндай музыкаларды тыңдамауға кеңес беріледі. Себебі оның әсері шараппен тең болады. Яғни, музыканың осындай түрі жүйке жүйесінде босаңдық тудырып, адамның белгілі бір уақыт мөлшерінде өз өмірінің шындықтарынан ашақтауына себеп болады».

Ислам дінінің көзқарасы бойынша, музыканы түрлі мақсатта қолдануға болады. Жасөспірімді еңбек пен талпынысқа баулитын, оның бойында әділетсүйгішік, зұлымдықпен жауласу және жауынгерлік рух тудыратын музыканы тыңдауға рұқсат етіледі. Ал ойын-сауық пен көңіл көтеруге арналған әрі жасөспірімді есерлік пен бос жүріске итермелейтін және оның ахлағы мен тазалығына нұқсан келтіретін музыканы тыңдауға тыйым салынады. Тәлім-тәрбие саласының мамандарының пікірі бойынша, жасөспірімді азғындық пен қылмыскерлікке итермелейтін музыканы тыңдауға Ислам көзқарасы бойынша рұқсат етілмейді әрі жағымсыз болып табылады. Себебі ол жасөспірімді дұрыс тәрбие мен жақсы болашаққа қарай әрекет ету жолынан алшақтатады.

Осылайша, капиталистік-либералистік жүйе компьютер, интернет, компьютерлік ойындар, ұялы телефон және даңғаза музыка сияқты мәдени өнімдерді пайдалану арқылы әлемдік қауымдастыққа жаңа үлгіні ұсынуды көздеп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, бұл өнімдер балалар мен жасөспірімдердің мәдениеті, құндылықтары мен наным-сенімдерін әлсіретіп, отбасы ошағында да шынайы қиындықтар тудырады. Бұл мәселе тәлім-тәрбие істеріне жауапты тараптардың, әсіресе отбасылар мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыра түседі. Ата-ана өздерінің жауапкершілігін назарға ала отырып, қазір пайда болып жатқан мәселелерді дұрыс түсініп, Исламның кеңестерін пайдаланып, мәдени өнімдердің жолдауларын мұқият талдап, сараптағаннан кейін ғана өз жанұясына ұсынуы керек. Осындай жағдайда ғана жауапты адамдардан тәлім-тәрбиелік маңызды жайттарға көңіл бөліп, кейінгі ұрпақты жақсы тәрбиелейді деп күтуге болады. 

 

 

 

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды