Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Сенбі, 28 Қараша 2015 08:25

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (56)

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (56)

Айтып өткеніміздей, зерттеушілер Иранның атақты ақыны, мистигі Джалаладдин Мұхаммад Балхидің бірегей туындысы «Мәснауи-е манавиді»  тәлім-тәрбиелік мәнге ие, жетекшілік рухта жазылған кітап, ал Моулананы осы тағылымды жеткізетін терең ойлы жолдаушы деп атаған. Бұл құнды еңбек Джалаладдин Мұхаммад Моулавидің ең көрнекті туындысы, сондай-ақ, парсы тілі мен әдебиетінің қорындағы ең танымал шығарма болып табылады.  Сонымен қатар, Моулавидің «Мәснауиі» –  ақиқатқа жетудің жолы мен тәсілі баяндалған, сондай-ақ, ақынның ой-пікірлері мен тағылымдары қамтылған тағылымдық кітап

Жаңашылдық – Моулави шығармашылығына тән  ерекшеліктердің бірі. Ақыннан қалған өлеңдерге шолу жасай отырып, оның поэтикалық тәсіл мен тілді, әдеби мазмұндар мен көрнекті құралдарды пайдалануы, поэтикалық музыка мен басқа да жағдайлар тұрғысынан өзімен замандас және өзінен кейінгі кезеңдердегі басқа ақындардан айырмашылығы барын көруге болады. Моулавидің заманына дейін, тіпті одан кейінгі кезіңнің ақындары өздерінің өлеңдер жинағы немесе тіпті поэмалары мен мәснауилерін Алланы мадақтап, пайғамбарды  сипаттаумен бастауды рәсім еткен. Бұған мысал ретінде Фирдоуси, Рудаки, Ансари, Хақани, Манучехри, тіпті Санаи, Аттар мен басқа да көптеген ақындардың мінәжаттарын айтуға болады. Бірақ Моулави осы дәстүрлі тәсілді қолданбай,  Алла тағаланы мадақтаудың  жаңа жобасын тапты.  Қазіргі заманғы зерттеуші, тарихшы әрі көрнекті әдебиетші, доктор Зарринкубтың айтуынша, «Бүкіл «Мәснауи» басынан аяғына дейін «моулавилік» ғазалдардан құралған. Онда Алла еске алынып,   мистикті ақиқатты іздеуге ұмтылдыратын құштарлық отына салып, ауыр дертке ұшыратқан ғашықтықтың үні бар».

Моулавидің  жан дүниесінде тулап жатқан Хаққа деген ғашықтық клишелік және ресми сөздермен баяндалмайды. Ол басқа ақындар сияқты тек аспан, жер мен жаратылған мақұлықтарды сипаттаумен шектелмейді. Ақиқат жолындағы мистиктің жүрегінен туындаған құштарлық пен толғаныс әдебиетшілер қолданатын сөздер мен қалыптардың аясынан тыс жатыр. «Мәснауидің» кіріспесіндегі мадақ – сүйіктіге арналған ғашықтық мадақ. Иранның қазіргі заман әдебиетшісі әрі зерттеушісі доктор Ғұламхосейн Юсефи: «Моулави Құдайды өте нәзік те поэтикалық түрде махаббатпен еске алады»,-деп жазады. Доктор Зарринкуб пен басқа зерттеушілердің айтуынша, бейтаныс әлемде қамыстың тілімен мистиктің ақиқатқа ұмтылған рухын баяндайтын және оның зары жайлы шағымданатын Мәснауидің алғашқы дәптерінің кіріспесі Алланың аты мен оған деген ғашықтықтан басқа ештеңемен басталмаған:  

Қамысты тыңда, ол арыз айтады.

Айырылысқандар жайында баяндайды,

Мені қамысты көлден бөлгенде,

Менің қайғыма әйел-еркектің бәрі жылады.

Алыста жүріп зарыққан кеуде керек маған,

Мен соған ғана өзімнің дертімді айта  аламын.

Моулавидің «Мәснауиінде» өлеңмен шағым айтып, сөз сөйлетін «ней» - қамыс ақынның ойына жайдан-жай түскен жоқ. Қамыстың әңгімесі Моулавидің түсінігінде ерекше жоғары мағынаға ие. Қазіргі заманғы мәснауитанушы ұстаз Форузанфардың зерттеулеріне сүйенсек, «Мәснауи» мен «Кабир диванында» «ней» (қамыс) сөзі 28 реттен артық  қолданылған. Мұның өзі Моулавидің оған ерекше мән-мағына бергенін көрсетеді».

Қамыс – әртүрлі ұлттардың аңыз-әңгімелерінде әралуан ойлар мен бейнелердің символы болған. Бірақ Моулави қамысты өте жоғары мағынаны білдіретін ойлардың символы ретінде алған. Қамыс өлең тілімен өз әңгімесін баяндаған кезде әрбір адам өзіне ғана тән қиссаны еститін. Орыстың ақыны Лермонтов үшін бұл сарындар адамдардың қателіктері мен қиналыстарын еске салады. Ол осы қайғылы өлеңнен жапа шеккен қыздың әңгімесін естіп, соны баяндайды. Бірақ бұл өлең Иранның ұлы мистигі Моулави үшін қамысты көлден ажырап қалған дертке толы рухтың тағдырын баяндайды.

Моулананың «Қамыс» хикаясы – өзінің отанынан алыста қалып, қайтып оралуды аңсайтын ажыраған рухтың дастаны. Доктор Зарринкубтың сенімінше, «Мәснауидің» қамысында айтылған нәрсе – шытырман оқиғаға толы  жеңілген рухтың әңгімесі. Бұл – материалдық дүниеден шығып, дәріс пен  фикһ-діни заңгерлікті шетке ысырып, Шамс Табризиге ғашықтық сияқты бұрын-соңды болмаған ғашықтықтың дауылын басынан өткеріп, ақырында өз болмысынан шығып, өзінің негізінежақындауды қалаған рухтың дастаны. Бұл – алуан түстер, сан түрлі қажеттіліктер мен шектеулі денелер әлемінен өзін шығарып, шектеусіз негіз бен Алла тағалаға қосатын ғашықтықты іздеген рух».

Моулавидің еңбектерін тәпсірлеушілердің көбінің сенімінше, бұл «Қамыс» – шын мәнінде өз-өзінен босап шыққан, ғашықтық пен сүйіктінің ықтиярында болған Моулавидің өзі:

Біз  бір уыстаймыз, ал сен зиян тигізесің,

Біз зарласақ, қамыс сен де зарлайсың.

Біз жан шығаратындай зарлаймыз, біздегі әуен сенен шығады.

Біз таудаймыз, біздегі дауыс сенен келіп жатыр.

Моулавидің көзқарасынша, «Қамыстың» осындай терең мазмұны бар. Мәснауидің көркем кіріспесі де осыны айғақтайды.

 «Мәснауиді» зерттеушілер мен тәпсірлеушілердің пікірі бойынша, «Нейнаманың» маңыздылығын арттырған нәрсе – оның «Мәснауидің» алты дәптерінде баяндалған тақырыптардың мазмұнының негізгі өзегін бірінші дәптердің алғашқы бәйіттерінде жинақтауында. Доктор Зарринкубтың айтуынша, «Мәснауидің» алғашқы 18 бәйітін құрайтын «Нейнама» «Мәснауидің» 6 дәптерінің барлық мазмұнының негізгі мәйегі болып табылады. 6 дәптердің барлығы осы бәйіттерді тәпсірлеуге арналған. Шын мәнінде  «Мәснауидің» барлық 6 дәптері тылсым тамырлар арқылы осы «Нейнамамен» байланысып жатыр. Осы бәйіттерден кейін Моулави келтірген тақырыптардың барлығы шын мәнінде ақиқатты іздеуші мистиктің рухының шағымы мен құштарлығының сипаттамасына қатысты жаңа жайттар болып табылады. Тіпті «Мәснауидің» өне бойында келтірілген әңгімелер мен мысалдардың әрқайсысы бір тұрғыдан кітаптың кіріспесімен байланысты».

Егер 6 дәптерден тұратын «Мәснауи-е манавидің» негізгі мазмұны жайлы сөз қозғағымыз келсе, оның өз тамырынан ажырап қалған ақиқат жолындағы мистиктің қайта қосылуға деген құштарлығы туралы дастан екендігін айтуымыз керек. Бұл талапкер мистик өз болмысынан ажырап шығып, Хаққа деген ғашықтыққа бой алдырған.  

БАҚ

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды