Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Жұма, 05 Ақпан 2016 15:07

Иран ертегілері мен аңыздары (99)‎

Айтып өткеніміздей, мифологиялық ертегілердегі негізгі элементтердің бірі – таңғажайып мифологиялық тіршілік иелері. Олар ертегілерде өте маңызды рөл атқарады. Солардың арасынан самұрық сияқты мифологиялық құстар мен айдаһар жайлы сөз қозғадық. Мифологиялық тіршілік иелерінің бірі – сиыр. Сиыр Иранның аңыздарында айшықты рөлге ие. «Шахнамадан» да бұл айшықтылық ерекше байқалады. Фаранактың ұлы Феридун орманда сиырдың қасында өседі. Ол тіпті жылан иықты Заххакпен күресте өзінің шоқпарын сиырдың басымен әрлейді. Бұл шоқпар кейін Иранның танымал батыры Рүстемнің атасына жеткен. Рүстем де ерлігін сиыр басты шоқпармен көрсеткен.  

Сиыр ежелгі Иранның өмірінде ерекше маңызды болған. Бұл сенім мөр басылған құпия сияқты ирандықтардың мәдениетінде тамыр жайған. Әрбір елдің халық ауыз ертегілерінде сол елдің этникалық құпиялары  көрініс табатындығын ескерсек, осы ертегілерде сиырдың кейіпкерлерді қолдаушы тіршілік иесі екендігін көреміз. Мысалы, «Ақ маңдайлы сиыр» атты ертегіде кейіпкер сиырдың мүйізінен бал мен май сорады, ал «Ай маңдай» атты танымал ертегіде қыздың өлтірілген анасы сары сиыр кейпінде өз қызын өгей шешеден қорғайды.

Диктор

Кейде аңыздарда ерекше мәнге ие кейбір жануарлардың бейнелерінің   шайқас кезінде байрақтың бетіне салынатынын көреміз. Парсы әдебиетіндегі жәуәнмәрттік жанрының бір үлгісі «Жәуәнмәрт Самак» атты романда байрақтардың бетінде арыстан, айдаһар мен сұңқардың бейнесі көрінеді. «Жәуәнмарт Самак» романында соғыс басталған кезде әскердің алдында арыстан бейнеленген байрақ ұстаған адам жүріп отырады немесе шах сыйлайтын шапанның үстіне адамның тұлғасы, ержүректігі мен оның мәртебесіне байланысты айдаһар, арыстан немесе сұңқар салынатын болған.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Ерте, ерте, ертеде бір саудагер болыпты. Оның Ибраһим есімді ұлы бар екен. Бұл бала мектепке барады екен. Бір күні Ибраһим мектептен үйге қайтып келе жатып, патша сарайының жанынан өтіп бара жатқанда кенет терезенің алдында тұрған патшаның қызына көзі түсіп, оған бір көргеннен  ғашық болады. Не істерін білмей, әуре-сарсаң күйге түсіп, үйіне келеді. Анасы Ибраһимді көргенде: «Не болып қалды? Біреу ұрып тастағандай өңің қашып кетіпті ғой»,-деп қанша сұраса да, ұлы жұмған аузын ашпапты. Баласының көңіл-күйінің өзгергенін сезген анасы оны сұрақтың астына алып қоймайды. Ақыры Ибраһим патшаның қызын көргенін, оған ғашық болып қалғанын және қызға құда түсуге бару керектігін айтады. Сонда анасы: «Бұл ойды ұмытқаның жөн. Өйткені патша саған қызын бермек түгілі, сені нөкерлікке де қабылдамайды»,-дейді. Ибраһим анасына ләм-мим демейді. Әкесі келгенде анасы: «Ұлың патшаның қызын алғысы келеді»,-дейді. Саудагер күліп: «Патша мұны естісе, Ибраһимді ғана емес, бізді бүкіл жанұямызбен қаладан  қуып шығады ғой»,-дейді.  Ибраһим ата-анасының оның сөзін тыңдамайтынын көріп, зығырданы қайнап, қамығып, мектепке барады, бірақ сабаққа ден қоя алмай, көңілі қызға ауа береді. Біраз уақыт өткеннен кейін саудагер о дүниеге аттанады. Ибраһимнің бір қайғысы енді екеу болады. Содан  ләм деп тіл қатпай, ас жеуден қалады. Ертемен үйден шығып кетіп, көше мен базар аралап, үйіне кешке қарай келіп жүреді. Анасы оған бос сандалып жүргенің жарамайды деп талай айтады. Анасы айтқан сайын ұлы оның сөзіне құлақ асуды қояды. Ақырында шешесі бәлкім, осылардың сөзі баласының құлағына кірер деп, ұлдың бөле ағаларын ертіп келеді. Бөле ағалары да қанша айтқандарымен олардың ақылдары да Ибраһимнің бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып жатады. Олар «Қай қызды көрсетсең, сол қызды алып берейік. Бірақ патшаның қызын алу туралы ойды басыңнан шығар» дегенде Ибраһим қырсығып: «Патшаның қызын аламын! Болмаса, маған ешкім керек емес»,-дейді. Бөле ағалары: «Ұлды жайына қалдырыңдар. Бұл ойды өзінен өзі бір күні ұмытады»,-деп кетіп қалады. Күндер сырғып, бір ай да өтеді. Ал Ибраһимнің жағдайы жақсармағаны былай тұрсын, нашарлай түседі. Бөле ағалары бауырларының сөніп бара жатқанын  көріп, ақылдасып: «Ибраһимге ақша берейік, кәсіппен айналыссын. Жұмысқа кірісіп кеткеннен кейін әлгі ойдан арылар»,-дейді. Сөйтіп оны бір бұрышқа апарып: «Патша біздің сөзімізді тыңдамақ түгілі, сарайына да кіргізбейді. Мына 100 тұманды ал да, бір кәсіппен айналыс»,-дейді. Ибраһим ештеңе демейді. Бөле ағалары өз жөндерімен кетеді. Таң атқанда Ибраһим 100 тұманды алып, үйден шығып кетеді. Жүріп отырып, жүріп отырып, бір алаңға келеді. Онда бір адам жиналған жұртқа жар салып жатыр екен. Әлгі адам ортаға қойған аузы буылған бір қаптың ішінде бір жануар тыпыршып жатыр екен. Ибраһим біреуден «Қаптың ішінде не бар?» деп сұрайды, әлгі адам «Айдаһар» деп жауап береді. Ибраһим бір-екі минут тамашалаған соң кетейін деп, қозғала бергенде біреу оны шақырады.  Ол қайта бұрылып: «Мені шақырған қайсың?» десе, ешкім жауап бермейді. Жүрейін дегенде тағы да әлгіндегі дауысты естіпті. Бұл дауыс қайдан болды екен деп таң қалады. Кетейін деп қозғала бергенде жаңағы дауыс: «Кел де, мені мына қаптан шығарып алшы»,-дейді. Сонда ол өзін шақырған дауыстың қаптан шығып жатқанын түсінеді. Жұртты жинап алған адамға барып: «Ішінде жануары бар мына қапты қаншаға сатасың?»-дейді. Әлгі адам: «100 тұман»,-деп жауап береді.  Ибраһим ақшасын беріп, қапты алып, жылдам аузын ашады. Айдаһар сыртқа шығып кетеді. Халық қорыққаннан қаша жөнеледі. Айғай-шудан құлақ тұнатындай болады. Олар айдаһар қазір өздерін жұтып, үйлерін қиратады деп ойласа керек.  Айдаһар Ибраһимге: «Мені құшақта»,-дейді. Ибраһим айдаһардан қорықпайтын еді. Ол айдаһарды белінен алып құшақтағанда әлгі жануар кептерге айналып, ұлдың қолына отырып: «Мені үйіңе алып бар»,-дейді. Ибраһим жүрейін деп қозғалғанда халық артынан анталап ере түседі. Ол жылдам үйіне қайтады. Анасы одан: «Не істедің?»-деп сұрағанда: «Айдаһар сатып алдым»,-дейді. Кептерді жерге қойғанда ол бір айналып айдаһарға айналады. Жануар елпектей барып, ауланы бір айналып шығады. Анасы зәре-құты қашып, ағаларының үйіне жүгіріп барып: «Ұлдың не істегенін көріңдер. Айдаһар сатып алыпты»,-дейді. Бөле ағалары бастарын сабалап, ойбайлап келіп қараса, иә, дәл солай, Ибраһим ауланың бір бұрышында отыр, ал айдаһар өздігінен жайылып жүр екен. Ағаларының ішке кіруге батылдары бармай, алыстан айқай салып: «Есің дұрыс па? Ақшаны неге мына жануарға құрттың? Егер айдаһар саған қарай демін шығарса, күл боласың ғой. Далаға апарып, босатып жібер де, қайт»,-дейді. Ибраһимнің сөзін  ағалары тыңдамағандай ағаларының сөзі Ибраһимнің де құлағына кірмепті. Ақырында олар ұлға тағы да 100 тұман беріп: «Өзіңе дұрыс кәсіп тап»,-дейді. Ибраһим ақшаны алғанда ағалары жөндерімен кетеді. Айдаһар Ибраһимге ақырын ғана: «Ертең пәлен көшеге бар, онда бір адам сары күшік сатады. Күшікке қанша ақша сұраса, соншаға сатып ал»,-дейді. Ибраһим келісіп, ертеңінде ертемен үйден шығып, айдаһар айтқан көшеге барады. Жұрт сары күшікті айнала қоршап алыпты. Иесі күшіктің шынжырын қолына ұстап тұр екен. Әлгіден: «Күшігіңді қаншаға сатасың?»,-деп сұрайды. Ол: «100 тұман»,-дейді. Ибраһим ақшасын беріп, күшікті сатып алады. Ұл күшікті соңынан ертіп үйге қайтыпты.

Осы бөлім бойынша толығырақ « Иран ертегілері мен аңыздары (98)‎

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды