Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Жұма, 19 Ақпан 2016 09:10

Жетекшілік хадисы 63

Жетекшілік хадисы 63

"Мәиде"  сүресінің 23-ші аятында: «Егер мүмін болсаңдар, Аллаға тәуекел етіңдер»,- деп айтылған. Сондықтан мүміндер тек Аллаға тәуекел етіп, тек Алланы өздерінің тірегі деп санайды. Мүміндер Алладан басқа ешкімнен қорықпайды және тек Оған үміт артады. Хиджридің 4-ші ғасырының бірінші жартысының ең танымал діни ғалымы әрі хадисшісі шейх Келини «Әл-Кафи» кітабында: «Хосейн бен Алван: «Ғылыми пікірталастарға қатысып, ғылыми мәтіндерді үйреніп жүрген кезімде сапарымның ақшасын жоғалтып алдым. Сол кезде достарымның бірі менен: «Енді не істейсің, кімге үміт артасың?»- деп сұрады. Мен: «Пәленшеге»,- деп жауап бердім.  Ол: «Алламен  ант етемін, үмітің  мен мақсатыңа жетпейсің»,- деді. Одан себебін сұрағанымда досым былай деді: «Имам Садық (ғ.с.)-ның «Бұрынғы кітаптардың бірінен Алла Тағаланың «Ант етемін, менен басқаға үміт артқан адамның үмітін үзіп, үмітсіз етіп, оның денесіне қорлық  пен азаптың киімін кигізіп,  оны өзімнен алыстатамын. Менің пендем қиындық пен ауыртпалыққа кезіккен кезде  менен басқа кімге үміттенеді? Барлық қиындықтардың кілті менің қолым тұрған кезде менен басқаға үміт арта алады ма? Барлық есіктерді ашатын кілттердің менің қолымда екенін білмейді ме? Барлық үйлердің есіктерінің жабық, тек менің үйімнің есігінің мені іздеген адам үшін ашық екенін білмейді ме? Өмірінде қиындық туған кезде маған үміт артып, Мен көмектеспеген адам бар ма? Маған үміт артқанды үмітсіздендірдім бе? Менің рақымдылығым мен қайырымдылығымнан үмітсіз қалғандар және менің бұйрықтарыма бағынбағандар қандай бейшара» деп айтқанын оқығам» деп, есіне алатын». Имам Әли (ғ.с.): «Тек Аллаға үміт артып, одан басқа ешкімнен үміт күтпеңдер. Өйткені үмітсіздікке шалдықпаса, ешкім Алладан басқаға үміттенбейді»,- деген. Ибрахим бен Давуд Яқуби бауырының сөзін былайша нақыл еткен: «Ер адам Алла елшісінен «Маған аспанда Алланың өзі, жерде халық риза болатын істі үйрет»,- деп сұрағанда хазірет оған: «Тек Алланың қасындағы нәрсеге ғана үміт арт, сонда Жаратушы сені жақсы көреді. Халықтың қасындағыға көз тікпе, сонда халық та сені жақсы көретін болады»,- деп кеңес берген. Малек бен Ауф Ашджаи: «Алла елшісінің қасында жеті-сегіз адам болдық. Хазірет: «Алланың елшісіне  бият еткілерің келмейді ме?»- деп сұрады. «Осыған дейін сізге бият етпедік пе?»- дедік. Хазірет: «Алланың елшісіне бият еткілерің келмейді ме?»- деп сұрағын қайталады. Біз  қолын алып, бият еттік. Біздің арамыздағы біреуіміз: «Не нәрсеге бият етеміз және не үшін бият етеміз?»- деп сұрады. Пайғамбар: «Аллаға құлшылық етіп, оған серік қоспаңдар. Бес уақыт намаз оқып, бұйрықтарымды тыңдап, халықтан еш нәрсе талап етпеңдер»,- деді. Алла Тағала еш нәрсеге және ешкімге мұқтаж емес. Ол – абсолютті мұқтажсыз. Одан басқалардың барлығы мұқтаж. Тек Алла Тағала ғана абсолютті құдырет. Тек ол ғана  пенделерінің қиындықтарын шеше алады. Сол себепті одан басқаға  үміт арту кәпіршіліктің бір түрі саналады. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Кейде адамдар «егер пәленше болмағанда ісім дұрыс болмайтын еді немесе әйелім мен балаларым қиындық көретін еді» деп айтады. Бұл Алланың пендесіне ырзық беруі немесе пендесінің басына түскен бәле мен бақытсыздықты шешуде басқаны серік қосу болып саналады»,- деді. Сол кезде жиналған аамдардың бірі: «Егер біреу біз үшін маңызды жұмыс жасаса оны қалай айтамыз? Алла көмектесіп, пәленше мені қолдамағанда, ісім алға жылжымайтын еді деп айтсақ дұрыс па?»- деп сұрағанда имам соның дұрыс екендігін мақұлдаған.

 

 
 

 

 

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды