Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Сенбі, 16 Сәуір 2016 09:55

Аптаның экономикалық журналы (72)

Аптаның экономикалық журналы (72)

 

 

 

Ислам Революциясының жетекшісі ИИР-ның жүйе басшыларын қабылдауында ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету және Иран хылқының мәселелерін шешу бағытында жасалған пайдалы қадамдарды қолдайтынын тағы мәлімдеді. 

Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи өткен сәрсенбі күні үкіметтік топ мүшелері, Ислам кеңесі мәжілісінің төралқасы, сот билігінің жоғарғы басшылары мен басқа да ұйымдардың басшыларын қабылдауында қайраткерлерге, әсіресе үкіметке қарсыласу экономикасы саясаттарының жүзеге асырылуын қадағалау талпыныстары үшін алғыс білдіріп, пікірлестік пен тілектестіктің, сондай-ақ, ел басшыларының бірлігінің осы саясаттарды жүзеге асырудағы орнын маңызды деп бағалады.

Ислам Революциясының жетекшісі қарсыласу экономикасын жүзеге асыруда ішкі мүмкіндіктер мен қабілеттерге сүйеніп, өнеркәсіп және ауылшаруашылық бөліміндегі өндіріске ерекше назар аудару қажеттігін қуаттады.

Хазірет аятолла Хаменеи жаңа жылдың басталуына орай жасаған жолдауының бір бөлігінде жаңа жылдағы мақсаттар, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерге тоқталып, басты бағдарды экономика деп атап, жетістікке қол жеткізу үшін қарсыласу экономикасы шеңберіндегі жұмыс пен талпынысты шарт етіп қойды. Хазірет басшылардың міндетін қарсыласу экономикасы шеңберінде іс-жүзінде әрекет ету деп атап: «Қарсыласу экономикасының бағдарламаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасып, жұмыстың нәтижесі халықтың көзіне көрінуі керек» деп қуаттады.

Барлық бөлімдер бойынша экономикалық инфрақұрылымдарды нығайту үкіметтің жұмысының басты бағдары болып табылады. Осы аяда биылғы жылы 13-14 жобаны іске қосу арқылы мұнай-химия өнеркәсібінің өндіріс мөлшерін  шамамен 7 миллион тоннаға арттыру болжанып отыр.

Діни жетекші шамси күнтізбесі бойынша 1395 жылды «Қарсыласу экономикасы: іс-әрекет жылы» деп атағандықтан, мұнай-химия өнеркәсібі де өзгерістерден тысқары қалмайды. Бұл өнеркәсіпті дамыту өткен бірнеше жылда ақша аударымы, қаржы, технология жөнелту және құрал-жабдықтар сатып алу бөлімдеріндегі қиыншылықтармен бетпе-бет келді.

Иранның Ұлттық мұнай-химия компаниясының бас директоры «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін қиыншылықтардың біртіндеп шешілетінін айтты. Бұл компания шетелдік компаниялармен өнімдерді сату және экспорттау бөлімінде әріптестік жасау, сондай-ақ, қажетті технологияларды алу немесе жөнелту мақсатында келіссөздер өткізіп жатыр. Азия мен Еуропа компаниялары жаңа жобаларды жетілдіру және жүзеге асыру ісінде әріптестік жасау үшін әзірлік танытып отыр. Қазіргі кезде осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Шамси күнтізбесі бойынша 1395 жылы мұнай-химия өнеркәсібінің өндірісін 7 миллион тоннаға арттыру, сондай-ақ, осы өнеркәсіпке байланысты 13-14 жобаны іске қосу мұнай-химия өнеркәсібінің биылғы жылғы басты бағдары болып табылады. Осы мақсаттар жүзеге асырылғаннан кейін аталмыш өнеркәсіптің  өндіріс мөлшері шамамен 6-7 миллион тоннаға артады деп болжануда.

Осы аяда Иран мен Италия Сауда палатасының төрағасы: «Иранның мұнай мен мұнай-химия өнімдерінің Италияға экспорты қайта жанданатын болады» деді.

Мұнай мен энергетика туралы хабар тарату арнасы ШАНА-ның хабарлауынша, Иран мен Италия сауда палатасының төрағасы Ахмад Пурфалах екі елдің мұнай-химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастығы үшін лайықты мүмкіндіктердің бар екендігіне тоқталып: «Италия санкцияларға дейінгі кезеңде Иранның ең ірі сауда серіктесі әрі еуро аймағындағы ирандық мұнай мен мұнай өнімдерін ең көп сатып алатын ел болды» деп қуаттады.

Өткен аптада Иран мен Үндістан мұнай министрлері екі елдің мұнай мен энергетика саласындағы ынтымақтастықтары туралы сұхбаттасты.

Үндістанның Мұнай министрі Дхарменда Прадхан Теһранға сенбі күні жасаған сапарында Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Занганемен Farzad B газ алаңын дамыту, Үндістанның мұнай бөліміндегі Иранға қарыздары, теңіз түбінен өндірілген мұнай экспорты мен Чабаһар аймағында мұнай-химия зауыттарының құрылысы туралы сұхбаттасты.

Үндістанның Мұнай министрі Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Реза Нематзаде, Орталық банктің төрағасы Валиолла Сейф және Иранның еркін сауда аймақтары мен арнайы экономикалық аймақтарының істерін үйлестіру кеңесінің хатшысы Акбар Торканмен сұхбаттасып, Иранның Сауда палатасында өткен Иран мен Үндістанның саудагерлер мен кәсіпкерлерінің ортақ отырысына қатысты.

Үндістан Иранның түрлі энегретикалық бөлімдерін, соның ішінде, мұнай-химия бөлімін кеңейту және соған инвестиция салуға қатысуға мүдделік танытты.

Бижан Намдар Зангане Иран мен Үндістанның сауда делегацияларының отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында Үндістанмен қаржылық бір келісімінің жасалғанын хабарлап: "Үндістандық тараппен өзара түсіністік меморандумына қол қойдық. Онда үндістандық тарап Ираннан көбірек мұнай сатып алуға және алдағы жылға дейін келісім жасалу шартымен  Farzad B газ алаңын кеңейтуге әзірлігін қуаттады" деді.

Үндістанның Мұнай министрі Дхарменда Прадхан, Үндістанның сонымен қатар Иранның Чабаһар портын кеңейту үшін 20 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуға әзірлігін мәлімдеді. Прадхан жексенбі күні осы портты аралады.

Үндістан мен Иран 2003 жылы Пәкістанмен шекарада орналасқан Чабаһар портын кеңейтуге келіскен болатын. Бірақ бұл жоба санкциялардың салдарынан кейінге қалдырылған болатын. Иран мен Үндістан өткен мамыр айында бір келісімге қол қойып, халықаралық санкциялар алынған бетте бұл портты бірлесіп кеңейтуге келіскен еді.  Дамыту жұмыстары келісімге қол қойылғаннан кейін 18 айдың ішінде басталатын болады.

Ауғанстанның Герат қаласының Сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Чабаһар портының Ауғанстанға тауар тасымалдау мен экспорттау үшін ең жақын жол екенін айтты.

Ауғанстанның Герат қаласының Сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Хаджи Саад Хатиби өткен аптада Чабаһар еркін аймағының басшыларымен кездескеннен кейін ИРНА-ға берген сұхбатында: "Ауғанстан – жан-жағынан құрлықпен қоршалған ел. Чабаһар порты стратегиялық лайықты жағдайына байланысты мұхиттағы еркін суларға шығу үшін жақсы қауіпсіздік факторына ие жалғыз жол болып табылады" деді. 

Ауғанстанның Ұлттық бірлік үкіметінің атқарушы төрағасы Абдолла Абдоллла да өткен жылы Иранға сапары барысында Чабаһар портын көріп қайтқан болатын.

ИИР мен Түркия екі ел арасындағы сауда ынтымақтастықтарын кеңейту жолындағы кедергілерді бейтараптандырады. 

Иран мен Түркияның экономикалық ынтымақтастықтары комиссиясының 25-ші отырысы өткен аптада бейсенбі күні Анкарада Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Махмұд Ваези бастаған ирандық делегация мен Түркияның Даму министрі Джевдет Йылмаз бастаған түркиялық делегацияның қатысуымен өтті.

Осы екі күндік отырыста Иран мен Түркия делегациялары ертерек жасалған келісімдерді, соның ішінде, жеңілдікке ие сауданы, сондай-ақ, түрлі салалардағы, әсіресе, тасымал, өнеркәсіп, технология, энергетика, туризм, кедендік істер, инвестиция, банктік  және консулдық істер бойынша байланыстарды дамыту мәселелерін қарастырды. Осы экономикалық отырыс аясында екі елдің сауда палаталары жеке секторларының саммиті Түркияның Конья қаласындағы Иранның жеке сектор өкілдерінің қатысуымен, Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі мен Түркияның Даму министрінің басшылығымен өтті.

Иран мен Италия сейсенбі күні ИИР-ның Президенті Хасан Рухани және Италияның премьер-министрі Маттео Ренцидің қатысуымен түрлі салалар бойынша 6 ынтымақтастық құжатына қол қойды.

Иран мен  Италия басшылары туризм, мәдени, өнеркәсіптік жұмыстар, темір жол, Иран газының экспорты, әуежай және көлік жасау өнеркәсібіне қажетті сым-темір, арқан мен белбеу түрлерін өндіру бойынша ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.

Италия премьер-министрі Маттео Ренци саяси және экономикалық салаларда белсенді 250 адамнан тұратын делегацияны бастап, Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Реза Нематзаденің қарсы алуымен Теһранға келді.  

Екі елдің санкциялардан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастықтарын дамыту, италиялық компаниялар мен инвесторлардың Ирандағы белсенді құзыры Италия премьер-министрінің Теһран сапарының мақсаттары ретінде жарияланды.

Осы аптада Теһран сонымен қатар Қазақстан Президентін де қабылдады.

Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні саяси және экономикалық жоғары дәрежелі делегацияны бастап, екі күндік сапармен Теһранға келді.

ИИР Президенті Хасан Рухани өткен жылы өзінің Орталық Азияға жасаған алғашқы ресми сапарында Қазақстанға барған болатын.

Қазақстан Президентінің Иранға сапары барысында екі ел арасында экономика, ауылшаруашылық және банк ісі бөлімдері бойынша 9 ынтымақтастық құжаты мен 40 меморандумға қол қойылды. Екі елдің үкіметтік аппараттарының ынтымақтастық құжаттары ауылшаруашылық, сауда, тасымал, технология, өнеркәсіп, банк ісі, энергетика және ортақ инвестицияны дамыту бөлімдерін қамтыды.

Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи дүйсенбі күні кешке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдауында Қазақстан мен Иранның халықаралық ұйымдардағы әріптестіктеріне тоқталып: "Ортақ дін, тарих пен мәдениет және екі елдің көптеген мүмкіндіктерінің болуына қарамастан, сауда-экономикалық қарым-қатынастар деңгейі төмен. Біз түрлі саяси, экономикалық, сауда, тасымал салаларындағы, сондай-ақ, ортақ теңіз аймағындағы құқықтық режим мәселесіне қатысты әріптестіктерді құптаймыз" деді.

ИИР Президенті Хасан Рухани да қатысқан осы кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иранды үлкен, мықты әрі сенімді көршілес ел деп атап: "Екі ел байланыстарды кеңейту үшін көптеген мүмкіндіктерге ие. Біз осы сапар барысында маңызды сауда-экономикалық бағдарламалар бойынша келісімге келдік. Бұл келісімдер ынтымақтастықтардың кеңеюіне себеп болады" деді.

Экономикалық алаңда ынытмақтастық жасау үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Иран мен Қазақстанның өткен жиырма жылдағы қарым-қатынастары екі ел байланыстырының кеңейтілуіне кедергі тудырған санкциялардың болуына қарамастан дамыды. Иран мен Қазақстанның сауда айналымының мөлшері 2014 жылы жарияланған есептерге сәйкес 987 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіштен Қазақстан экспортының  үлесі 893 миллион доллар, ал Иранның экспорты 94 миллион долларды құрады. Екі елдің сауда айналымының бұл көрсеткіші қолда бар мүмкіндіктермен салыстырғанда төмен болып табылады. Осы сапар барысында қол қойылған құжаттар жүзеге асырылғаннан кейін екі елдің ынтымақтастық деңгейі артады деп күтілуде.

 

 

 

 

Осы бөлім бойынша толығырақ « Аптаның экономикалық журналы (70)

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды