Бұл веб-сайттың жұмысы тоқтатылды. Біз Parstoday-ге ауыстық. Parstoday Kazakh
Жұма, 22 Сәуір 2016 20:46

Сағди – ирандық ақын, әлемдік бітімгер

Сағди – ирандық ақын, әлемдік бітімгер
Ордибеһешт айының бірінші жұлдызы Иранның жетінші ғасырының танымал ақыны – сөзі дүниежүзінің түпкір-түпкіріне таралған, талай ғасыр өткенімен сөзінің әсері азаймаған, парсы тілі әдебиеті тірі тұрғанда даңқты әрі әйгілі болатын Сағдиді құрмет тұтатын күн.

Сағди әлемнің барлық жерінде танымал ақын. Сол себепті Сағдидің өмірбаянын баяндамастан, ақынның әлемдіктердің сүйіспеншілігіне ие болуының сырына тоқталамыз. Парсы әдебиетінің әйгілі шығармаларының көбісі басқа тілдерге аударылған. Алайда олардың ешқайсы Сағдидың «Гүлстаны» мен «Бустаны» сынды батыстықтардың назарын аудармаған болар. Қазіргі заманның зерттеушісі әрі аудармашысы доктор Джалал Саттари: «Парсы тілі – әдеби көркемдеу, теңеу және метафора араласқан тіл. Еуропалық тілдер мұндай емес. Олардың оқырмандары қарапайым жазбаларға әдеттенген. Сағди әлемнің көп жеріне сапар шегіп, әртүрлі халықтар мен олардың түрлі мәдениеттерімен таныс болуына байланысты өзінің замандастары сынды емес, қарапайым тілді қолданды. Осыған орай оның еңбектерінің басқа тілдердегі аудармаларын оқу оқырман үшін қиын емес. Алайда сөзінің қарапайымдылығы Сағдидың бүкіл әлемге танымал болуының жалғыз себебі бола алмайды. Оның әйгілі болуының сыры – достық негіздерге сүйенген жоғары хикметі мен құндылығына байланысты. Шын мәнінде батыстықтарды Сағдидың адамгершілік пен адами құндылық және адами шарапатты ұлықтауы үшін түрткі болып табылатын ахлақтық тағылымдары қызықтырды. Сағди ойларының тәлім-тәрбиелік мазмұнды Батыстың ақын-жазушыларының көзқарастары мен ой-пікірлерімен ұқсастығы мен жақындығы ақын сөзінің қолдан қолға өтіп, сол өлкеге де жетуінде. Сондықтан Сағдиды әлемдік және бүкіл адамзатқа тиесілі ақын деп айтсақ, қателеспейміз»,-деген болатын. Батыста 1634-ші жылы еңбегі еуропалық тілге аударылған бірінші ақын Сағди болды. Алдымен Андре Дуқие Сағдидың «Гүлстан» шығармасын француз тіліне аударды. Бұл аударма толық емес әрі онда олқылықтар орын алғанымен, осы салада жасалған алғашқы қадам болып саналады. Бір жылдан кейін Сағдидың «Гүлстан» шығармасының француз тіліндегі аудармасынан неміс және латын тілдеріне аударма жасалды. 17-ші ғасырдың соңында Францияда әлі үкіметті тікелей сынау мүмкін емес болғанда Сағдидың «Гүлстанын» пайдаланып, патшаларға насихат айтудың есігі ашылды. Француз ақыны әрі жазушысы Лафонтен 1694-ші жылы хикаялардың екінші жинағын басып шығарып, басқалардан алға қадам басты. Сағдидың «Гүлстанында»: «Жақсы адамдардың бірі түсінде патшаны жәннәтта, пәк адамды тозақта көрдім»,-деп айтылған. Лафонтеннің «Монғолия тұрғындарының бірінің түсі» атты хикаяда осы сөйлем көзге түседі: «Монғолдардың бірі түсінде бір уәзірдің жәннәтта шексіз ләззаттарға батып, ал бір бұрышта ең бақытсыз адамның оған жаны ашитындай пәк адамның тозақ отына түскенін көреді». 17-ші ғасырда Лафонтен мен басқа ақын-жазушылардың еңбектерінен Сағди шығармасынан алынған ортақтастықтар көп кездеседі. 1747-ші жылы өмір сүрген Форте философиялық хикаялардың іргетасын қалаушы санлады. Өйткені оған дейін Еуропада ешбір әдебиетші мен философ философиялық мазмұнда хикаят баяндамады. Фортенің хикаяттары Сағдидың хикаяттарынан үлгі алып жазылған. Негізінде Еуропада мұндай жаңа әдебиетшінің пайда болуына Сағди себепкер болды. Моулананың әсерінен Еуропа мен Германия әдебиетінде ғазал жанры қалыптасқандай, өз елдерінде романның негіздерін қалыптастырған Еуропаның екі үлкен ақын-жазушысы –франциялық Виктор Гюго мен германиялық Гете Сағдидан үлгі алған. Виктор Гюго өзінің кітабында: «Оның беттеріне күздің желі әсер ете алмайтын «Гүлстан» сынды кітап жазу үшін не істеуім керек? Уақыт мейірімді және әдемі көктемді еш уақытта өнімі жоқ қыс мерзіміне айналдырмайды»,-деген болатын. Франциялық ақын Морис Баррес Сағди шығармаларының әсеріне бөленіп шығарма жазып: «Осы кезге дейін қызыл гүлді қатты жақсы көремін, өйткені ол Шираздан келді»,-деген болатын. Андре Зейд те Сағдиды танып, оның шығармаларының әсеріне бөленді. «Жер дастарханы» атты шығармасын Хафиздың өлеңімен бастап, Сағдидің өлеңімен аяқтады. Ол тіпті өз кітабын Сағдидың «Гүлстанына» еліктеп, сегіз тарауға бөлді. Германиялық жазушы Фридриш Рузан 1921-ші жылы «Гүлстанның» алтыншы тарауы мен Сағдидың басқа бірнеше еңбегі кіретін «Адаммен қарым-қатынас орнату жолдары» аты кітабын басып шығарды. 1967-ші жылы швейцариялық аудармашы әрі зерттеуші Рудольф Гельпке «Гүлстанның жүз бір хикаяты» деген «Гүлстан» жинағын жарыққа шығарды. Ол өз кітабын «Таяу Шығыстағы өмір сүру өнерінің дұғасы» деп атады. Гельпке хикаяттың мәтіндерін неміс тілінде жазып шығарды. Гетенің парсы әдебиетімен танысуы 1792-ші жылы «Гүлстан» аудармасын оқып, зерттеген соң басталды. Ол «Гүлстанды» оқығаннан кейін парсы тіліне құмартып, 1814-ші жылы Хафиздің диванын зерттеп, оның бөлімдерін жаттауға кірісті. 19-ші ғасырдағы америкалық жазушы, ойшыл Эмерсонның пікірінше, «Сағди барлық елдердің тілімен сөйледі. Оның сөздері Гомер мен Шекспир және Сервантес пен Монтинидің сөздеріндей әрқашан жаңа». Ол «Гүлстанды» Інжілдердің бірі және дүниежүзінің қасиетті кітаптарының қатарына жатады деп санайды. Сағдидың ойлары мен сөздері көбінесе басқа жазушылар мен ақындардың сөзлеріне таңғалдырарлықтай ұқсас. Сондықтан франциялық философ Эрнест Ренонның айтуынша, «ол бір еуропалық жазушы сынды». Еуропалық жазушылардың ежелден Сағдидың кейбір еңбектеріне сүйіспеншілік білдіруін осы тұрғыдан бағалауға болады. Эрнест Ренонның пікірінше, «оның ақылы, мейірімділігі мен ойлары, адамзат әлемінің бұрмалануларын сынайтын шығарма жазудағы әдісі Сағдиды біз үшін құрметті етеді». Франциялық аудармашы Гарсен Дотоси: «Сағди Еуропа халқының арасында танымал болған жалғыз ирандық жазушы»,-деп жазған. Барбие Доменар: «Сағдидың Батысты беделді болуына оның «Гүлстан» жинағында әдемілікті танытатын қасиетті талап етуі себеп болды. Хикаяттарға жан мен рух сыйлайтын оның мейірімділігі адамды өзіне қызықтырады. Оқырмандардың өздері көріп, түсінетін мұндай қасиеттер Сағдиді кемелдікке жеткізеді»,-деп жазған болатын. Сағди – ирандық мәдениет пен парсы тілінің үлгісі. Зерттеушілердің көбінің пікірінше, Сағди мәдениетаралық азамaт. Ол төрткүл дүниені шарлаған жиһанкез ақын. Шамамен Ислам әлемінің батысынан шығысына дейін сапар шегіп, көптеген адамдар және түрлі мәдениеттермен танысты. Ол Түркстан, Үнді түбегі және тіпті Солтүстік Африкаға сапар шекті. Ол бөгде мәдениеттерден алған тәжірибелері туралы өзінің еңбектерінде, әсіресе «Гүлістанда» көп жазды. Сол себепті де ол көбірек танымал болды. Ол Азия, Еуропа, түрік және араб әдебиеттерімен таныс болды. Сағдидің әсері тіпті алыс пен жақындағы барша халыққа тиді. Ибн Батуте өзінің сапарнамасында: «Қытайдың батысына сапар шеккен кезде қайықшыны көрдім. Қайықшы қайығын жүргізіп, Сағдидың өлеңдерін парсы тілде оқып келе жатты" деп жазды. Бұл Сағди шығармалары әсерінің қыр асып Қытайға дейін жеткенін көрсетеді. Сағдидың әлемдіктерге танымал болуына оның сөзінің мейірімділігі мен терең ойлары көптен-көп себеп болды. Дана исламның тағылымдарына сүйенген ақын адамгершілік туралы жазды. Бүгінгі әлем Сағдиды, Сағдидің адамгершілікке толы өлеңдерін қажет етеді. Өйткені мәдениеттер мен өркениеттердің қарым-қатынаста болуы үшін бұл қажет дүние. Сағди мен оның сөздері осы қажеттіліктерге жақсы жауап береді.

Пікір жазу


Қауіпсіздік коды
Жаңа қауіпсіздік коды